Елордадағы көшелерде жүк көліктерінің қозғалысы бақылауға алынады - полиция
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы бірнеше көшеде жүк көліктерінің қозғалысы бақылауға алынады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Бауыржан Тоқжұманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жол жүру ережесіне сәйкес, қазір Нұр-Сұлтан қаласының аумағындағы әл-Фараби даңғылында тиісті жоба іске асырылып жатыр. Яғни ауыр жүк автокөліктеріне екінші және үшінші қатарда (бір бағыттағы үш жолақты жолда) жүруге тыйым салынады. Егер жүргізушілер үшінші немесе екінші қатармен жүрсе, «Сергек» камералары арқылы әкімшілік құқық бұзушылық тіркеледі. Осы орайда оларға қатысты айыппұл рәсімделеді», - деді Б. Тоқжұманов баспасөз мәслихатында.
Осы орайда ол алдағы уақытта Р. Қошқарбаев даңғылында және басқа да көшелерде қозғалыс аталған тәртіпте «Сергек» арқылы бақыланатынын жеткізді.
«Жүк көліктері оң жақ қатарда жүруі тиіс, басқа жеңіл көліктердің қозғалысына кедергі келтірмеуі керек. Аталған жоба әл-Фараби даңғылында енгізілді. Алдағы уақытта басқа да көшелер қамтылатын болады», - деді Бауыржан Тоқжұманов.