Елордадағы КВИ жағдайлары шілде айына қарағанда үш есе көп

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада КВИ жұқтырған 1 212 науқас ауруханада жатыр, оның 111-і жансақтау бөлімінде. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Елорда коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы бойынша әлі де «қызыл аймақта». Аурушаңдық белсенді түрде өсіп келеді. Орта есеппен күніне коронавирустың 500-ге жуық жаңа жағдайы тіркеліп отыр. Бұл өткен жылдың шілде айына қарағанда үш есе көп, шілдеде мұндай жағдай шамамен 187 болған», - деді спикер елорда әкімдігінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, КВИ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін 15 аурухана тартылған, олардың төсек сыйымдылығы 2 264 төсек-орынға жетеді.

«Бүгінде 1 212 науқас ауруханаларда ем қабылдап жатыр, оның ішінде коронавирус 1 112 адамда расталған, 100 науқас өкпе қабынуынан (пневмония) емделіп жатыр. 4 мыңға жуық адам үйде ем қабылдауда», - деді Т. Мұратов.

Ал жансақтау бөлімінде 111 адам жатыр, оның 26-сы өкпені жасанды желдету апаратына қосылған.

«КВИ-мен күреске қала бойынша 4 мыңнан астам медицина қызметкері тартылған. Алайда, алдын алу шараларын елемей жүретін болсақ, барлық жұмсалып, тартылып отырған ресурстар мағынасыз болатынын түсіну қажет», - деп ескертті дәрігер.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова үндеу жасап, халықты карантин шараларын сақтауға және вакцина алуға шақырған еді.


Соңғы жаңалықтар