Елордадағы «Мечта» сауда үйінде вакцинация пункті ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда вакцинация жүргізілетін жаңа орын ашылды. Бұл пункт Республика даңғылында орналасқан «Мечта» сауда орталығының 1-қабатында орналасқан, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Елордадағы «Мечта» сауда үйінде вакцинация пункті ашылды

Бұл тұрғындарды коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациямен қамту мақсатында жүргізіліп отыр.

Айта кетейік, сауда үйлері мен қала орталықтарында вакцинациялау орындарын ұйымдастыру Нұр-Сұлтан қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп жүргізіледі.

Жаңа орындардың санитарлық талаптарға сәйкестігі мен нормалардың сақталуы қаралады.

Елордада осыған дейін екпе пунктері «Mega Silk Way», «Keruen», «Хан Шатыр» және «Абу-Даби Плаза», «Азия Парк», «Сарыарқа» СОО-ларында, сол сияқты «Әлем» және «Eurasia» сауда үйлерінде ашылған болатын. Қала әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша вакцинация пунктері 3 есеге артты.

Нұр-Сұлтанда 5 маусымдағы жағдай бойынша 166 мыңнан астам адам вакцинаның 1 компонентін алды.