Елордадағы науқастардың 79 пайызында коронавирус жеңіл дәрежеде

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова елордадағы коронавирус инфекциясына қатысты жағдайды айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордадағы науқастардың 79 пайызында коронавирус жеңіл дәрежеде

«15 мамырдағы жағдай бойынша елордада коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 173 адам анықталды. Оның ішінде 588 адам немесе 44 пайызы емделді. Жағдайдың ауырлығына қарай: төрт пайызы ауыр, 17 пайызы орташа, 79 пайызы жеңіл дәрежеде», - деді С. Қисықова онлайн баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта ауруханаларда зертханалық тексеру әрі ем қабылдау мақсатында 1 423 адам жатыр.

«Коронавирус инфекциясынан 661 адам ем-дом қабылдауда. Індет жұқтырған науқастардың арасындағы төртеуінде жағдайы тұрақты ауыр хәлде, бір адам жасанды өкпені желдету аппаратына қосылған. Қалған пациенттердің жағдайы қанағаттанарлық деңгейде», - деді Сәуле Қисықова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы коронавирус инфекциясынан қайтыс болған екі адам туралы ақпарат берді.