Елордадағы «Нұрсая» тұрғын үй кешенінен өрт шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы «Нұрсая» тұрғын үй кешенінен өрт шықты. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордадағы «Нұрсая» тұрғын үй кешенінен өрт шықты

«4 наурыз күні сағат 19-59-да Нұр-Сұлтан қаласының «101» пультіне Достық көшесі бойындағы «Нұрсая-2» тұрғын үй кешенінен өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына елордалық ТЖД жеке құрамының 27 маманы мен 6 өрт сөндіру техникасы аттанды», - деп атап өтеді комитет өкілдері.

Ведомство мәліметінше, төтенше жағдай қызметкерлері тұрғын үй кешеніне жеткен кезде 8 қабаттағы пәтерлердің бірінен қою түтін байқалған.

«Керме төбе мен жиһаздар жанған. Қабылданған шаралардың арқасында қызыл жалын сағат 20-46-да сөндірілді. Тілсіз жау шарпыған аумақ шамамен 50 шаршы метрді құрайды. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ», - делінген таратылған ақпаратта.