Елордадағы орта-кәсіптік білім беру мекемелерінде өрескел заң бұзушылықтар анықталды

АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астана қаласының Прокуратурасы елордадағы орта-кәсіптік білім беру мекемелерінде өрескел заң бұзушылықтарды анықтады.

Елордадағы орта-кәсіптік білім беру мекемелерінде өрескел заң бұзушылықтар анықталды

Астана прокурорының көмекшісі Ольга Ионованың атап көрсеткеніндей, колледждерде оқушыларға қажетті оқу-әдістемелік құралдардың жетіспеуі, аудиториялардың санитарлық талаптарға және жалпы ережелерге сай келмеуі, медициналық қызметке рұқсаттаманың жоқтығы сынды заңсыздықтар анықталған.

Мәселен, қаладағы 740 оқушысы бар колледждердің бірінде спорттық шараларға арналған зал, асхана, медициналық қызмет көрсету пункті жоқ болып шыққан.

«Ол колледжде оқушылардың еркін білім алуларына қарапайым жағдай жасалмаған. Санитарлық талаптарға сай, әрбір тәлімгерге 4 шаршы метр оқу алаңнан келуі тиіс. Ал аталмыш колледжде әрбір балаға 0,72 шаршы метрден келген»,-дейді О.Ионова.

Оның айтуынша, осындай өрескел қателердің салдарынан 1 қазан күні волейбол жарысында алғашқы медициналық көмек көрсетілмегендіктен, колледждің 2-курс студенті қаза тапты.

Тексерудің нәтижесінде Астана Прокуратурасы 3 ұсыныс енгізіп, 9 әкімшілік іс қозғаған. Ұсыныстар ҚР Білім және ғылым министрлігіне бағытталса, біліктілік талаптарына жауап бермеуге байланысты әкімшілік істер мамандандырылған әкімшілік сотына және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарына жіберілді.