Елордадағы "Отан-Ана" монументі аумағында жас сарбаздардың Әскери ант қабылдау рәсімі өтеді

деп хабарладыҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің баспасөз қызметі.
Ішкі әскерге шақырылып, жас жауынгерлер курсынан өткен астана гарнизонының 5570 және 3660 бөлімдерінің төрт жүзден астам сарбазы әскери ант қабылдап, Отан қорғаушылардың қатарына қосылады.
Бұл шараға Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов, ІІМ Ішкі әскерлерінің Қолбасшысы генерал-майор Руслан Жақсылықов, «Нұр-Отан» ХДП Орталық аппаратының, Қазақстан халқы Ассамблеясының, діни ұйымдар өкілдері, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы және оқшаулы соғыстардың ардагерлері, еліміздің барлық өңірлерінен арнайы келген жас сарбаздардың ата-аналары және қала тұрғындары қатысады.
Қалыптасқан дәстүрмен салтанатты рәсім 1995 жылғы сәуірдің 7-де тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік борыштарын өтеу кезінде қаза тапқан Ішкі әскерлер сарбаздарына орнатылған Ерлік аллеясындағы ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қоюдан басталады. Ержүрек жауынгерлердің құрметіне үш дүркін салют атылып, бір минуттық үнсіздік жарияланады.
Ішкі әскерлер сарбаздарының әскери антқа әрқашан адал екенін таяуда Ақтау қаласындағы түзеу мекемесінен қашып шыққан қылмыскерлерге қайсарлықпен қарсы тұрған сарбаз Ербол Отарбаевтың ерлігін айтуға болады. Ішкі әскерлер ерлік дәстүрі кейінгі ұрпаққа үлгі.