Елордадағы «Отан Ана» монументі жанынан Ғ.Байтасов атындағы халықаралық автошеру басталды
АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат - Елордадағы «Отан Ана» монументі жанынан өткен жылы Таразда лаңкесті ұстау барысында жанын пида еткен «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасов атындағы халықаралық автошеру басталды.
Автошеруге Ресей және Беларусь елдерінің полицейлері қатысуда. Олар Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстары мен Қырғызстанның шектес аудандарын басып өтеді. Шара барысында сөз сөйлеген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың атап өтуінше, автошеру өздерінің қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналады.
«Біздің бұл бастамамызды құқық қорғау органдарының қатардағы қызметкерінен бастап басшылары да қолдайды деп сенемін. Олар қаза тапқан әріптестерінің ерліктерін еске алып, отбасыларына көмек қолын созатындығына үміттімін», - деді ол.