Елордадағы Президенттік мәдениет орталығында Кенен Әзірбаевтың 125 жылдығына арналған салтанатты концерт өтеді

АСТАНА. Қарашаның 6-сы. ҚазАқпарат - Қарашаның 10-да елордадағы Президенттік мәдениет орталығында Кенен Әзірбаевтың 125 жылдығына арналған салтанатты концерт өтеді.

 Елордадағы Президенттік мәдениет орталығында Кенен Әзірбаевтың 125 жылдығына арналған салтанатты концерт өтеді

Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Қазақ әуендері» АҚ өткен ғасырдың белгілі қайраткері, аспандағы бозторғайға үн қосқан, сөз маржанынан асыл ойлар теріп, телегей теңіз жыр жазған Алатаудың ақиығы Кенен Әзірбаевты еске алу кешіне шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жетісу ән-жыр дәстүрін дамытушы Кенен Әзірбаевтың шығармашылығы ұлттық өнердегі қайталанбас құбылыс. Он бір жасында қолына домбыра алып, аспандағы бозторғайға үн қосқан ол, ескінің соңы, жаңаның басы болған, баба жыраулар дәстүрін жаңартып, оған жаңа мазмұн, жаңа сипат беріп, қазақтың ұлы өнер дәстүрін жалғастырған, ұлы Жамбылдың сүйікті шәкірті болған.  

Кенен Әзірбаев - сан өнерді жарастырып тең ұстаған ұлы өнерпаз: жырау, ақын, жыршы, күйші, әнші, сазгер, шежіреші әрі ел мұрасын сақтаушы үлкен қайраткер. Бүгінгі күні Кенен Әзірбаевтың әндерін көптеген қазақ әншілері шырқап келеді.

Тарихи оқиғаларға Кенен сергек араласып, өзінің азаматтық позициясын бойындағы буырқанған дарыны арқылы айғақтап отырды. Бұл ретте, Кененнің әнші, ақын, жырау, күйші ретіндегі алуан арналы шығармаларын өзі өмір сүрген заманының жанды шежіресі деуге болады. Ол екі жүздей лирикалық, дидактикалық арнаулар мен толғаулардың авторы. Кенен ән мен жырдың кеніші атанған Жетісудың ғана емес, исі қазақтың әншілік-күйшілік, ақындық-жыршылық, сал-серілік дәстүрін терең игерген өнер тарланы. Кененнің дарын тегеуріні қазақтың ән өнерін әуендік интонациялық жағынан байытып, әннің түр-тұлғасын жаңа биіктерге көтеріп, тақырып аясына тарихи-әлеуметтік тың мазмұн дарытып, соны өрістерге алып шықты.

Концерттік бағдарламада көрермендерге ақиық ақын туралы сыр шертетін бейнекөрініс көрсетіліп, дәйекті фотодеректер ұсынылады.

 Концерттік бағдарламаны белгілі қоғам қайраткері, академик, профессор Мырзатай Жолдасбеков жүргізеді. Кеш режиссері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылхан.

ҚР халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Бекболат Тілеухан, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Рамазан Стамғазиев, Ержан Қосбармақов, Республикалық конкурстардың лауреаттары Мейрамбек Беспаев, Ахан Абдуаллиев, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Қазбек Әдыкеев, Жазгүл Данылбаева, Дүйсенбек Өміралиев, Перизат Тұрарова және арнайы қонақ Қырғыз Республикалық конкурстарының лауреаты Амантай Құтманалиевтер ақын шығармашылығын ортамызға әкеліп, өнер көрсетеді.

Солардың ішінде Кенен Әзірбаевтың құрметіне арналып Тараз қаласында дәстүрлі түрде өткізілетін Республикалық «Шырқа дауысым!» конкурсының лауреаттары атанған Ардақ Балажанова (Бас жүлде, 2003ж.), Ахан Абдуаллиев (ІІ орын, 2003 ж.), Клара Төленбаева (Бас жүлде, 2005 ж.), Қазбек Адыкеев (І орын, 2005 ж.) сынды әншілер бар.