Елордадағы С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың әлеуметтік көмекке мұқтаж 33 студенті ректорат атынан білім гранттарын алды
АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанада өтіп жатқан «Қазақстан Республикасы аграрлық жоғары оқу орындарының күндері» шеңберінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 33 студентіне білім гранттары табыс етілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Гранттар С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің жаңажылдық мереке қарсаңында Астана қаласының әкімдігі өткізген «Ең үздік жаңажылдық безендіру» байқауында жеңіп алған 3 миллион теңге көлеміндегі сыйақының есебінен үлестірілді.
Университет ректоры А.Бұлашевтың атап көрсеткеніндей, оқу орнының ректораты ақшалай қаржыны қайырымдылық мақсатта пайдалану туралы шешімді бірауыздан қабылдаған және оны мүмкіндіктері шектеулі, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасынан шыққан студенттерге оқуларының төлемақысын өтеп беруге жұмсау ұйғарылған.
«ҚР аграрлық жоғары оқу орындарының күндері» бағдарламасы шеңберінде өткен «Жаңажылдық мейірім» акциясында 33 студентке оқу төлемақысын өтеу туралы куәліктер салтанатты түрде табыс етілді.
Акцияға республиканың үздік жоғары оқу орындарынан бөлек, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері мен ата-аналар қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ жаңа жыл мерекесі қарсаңында Астана қаласының әкімдігі елордадағы мекемелер мен бизнес субъектілерінің арасында өткізген «Ең үздік жаңажылдық безендіру» байқауында бас жүлдені иеленген болатын. Жүлденің марапаты - «Бәйтерек» мүсіншесін оқу орнының ректорына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев желтоқсанның 25-і күні Тәуелсіздік сарайында өткен жаңажылдық кеште салтанатты түрде табыс еткен еді.