Елордадағы Сарыарқа ауданы жұмысшы жастарының 1-ші форумы өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ел экономикасының қарқынды дамуына өз үлесін қосатын жастардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу қазіргі уақытта аса жауапкершілікті талап етеді. Бұл тұрғыда жастарды әлеуеттерін жүйелі дамытуға ықпал ететін түрлі іс-шараларға көбірек тарту маңызды. Осыған орай, «Нұр Отан» ХДП Сарыарқа аудандық филиалы еңбек қатынастары аясындағы негізгі мәселелерді анықтауға және оларды шешуге бағытталған ұсыныстарды дайындау мақсатында жұмысшы жастар форумына бастамашы болып отыр.
Аталған шараға Сарыарқа ауданының әкімі Сәбила Мұстафина, «Нұр Отан» ХДП Сарыарқа аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Еркетаев қатысып, сөз сөйледі.
Өз кезегінде С.Мұстафина кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлттық бірлік - біздің стратегиялық таңдауымыз» деген тақырыпта баяндама жасағанын және оның маңыздылығы төңірегінде әңгіме қозғап, қатысушыларға аталған баяндама мәтінімен танысуға кеңес берді.