Елордадағы Тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан халықтары достығы мерекесіне орай бірқатар шаралар өткізбек

АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Елордадағы Тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан халықтары достығы мерекесіне орай бірқатар шаралар өткізбек. Бұл туралы бүгін журналистерге басқарма төрағасы Оразкүл Асанғазы мәлім етті.
None
None

«1 мамыр - Халықтар достығы күніне орай, басқарма сәуір айында 4 іс-шара өткізеді»,-дейді О. Асанғазы.

Оның басы, бүгін «Мақсатым - тіл ұстартып, өнер шашпақ» деген тақырыпта өзге ұлттың өкілдері арасында өткен Абай оқуларынан басталды. Қалалық деңгейде өткен шараға 18 бен 30 жас аралығындағы 15-ке тарта үміткер қатысты.

«Абай оқуларынан байқау өтеді деп жарияланған күннен бастап басқармаға 70 шақты өтініш келіп түсті. Солардың ішінен бірінші турдан 15-ін өткіздік. Оның ішінде орысы да, кәрісі де, өзбегі де, татары да, гүржісі де бар - барлық ұлттың өкілдері қазақ тілінде Абайдың әнін салады, өлеңін оқиды, қара сөздерін мәнерлеп айтады»,- дейді ол.

Апта соңына дейін Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы тағы 3 шара өткізуді жоспарлауда. Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында мамыр айы еліміздегі ұлтаралық келісім мен толеранттылық тақырыбына арналып отырғандықтан, шаралардың барлығы этностарды ортақтастыратын тіл тақырыбының айналасында ұйымдастырылмақ.

«Ертең өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінің білгірлерінің арасында жарыс өтеді. Одан кейін қазақтардың орыс тілі бойынша білімін сынауға бағытталған шара жасалады. Осы аптаның соңында, жұма күні «Тіл дарыны» байқауы өтеді. Ол жерде ұлтына қарамай, 18 бен 30 жас ортасындағы 3 тіл білетін жастардың жарысы болады»,-деп атап көрсетті О. Асанғазы.

Соңғы жаңалықтар