Елордадағы Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің клиникалық госпиталінде «Жеңіс сарбазына арналады...» атты көрме ашылады
АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат - Сәуірдің 29-ында елордадағы Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің клиникалық госпиталінде «Жеңіс сарбазына арналады...» атты көрме ашылады,
деп хабарлады аталған мекемеден.
«Көрмеге Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттері мен оқытушылары өздерінің ең үздік 65 жұмысын ұсынып отыр. Бұл шара келушілердің үнемі назарында болады деп сенеміз. Онда қойылған суреттер госпитальге сыйға тартылады», делінген баспасөз хабарламасында.
Ашылу рәсіміне соғыс ардагерлері, ғалымдар, шет мемлекеттердің еліміздегі елшілері, содай-ақ Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері қатыспақ. Іс-шара бағдарламасы аясында суреттер көрмесінің ашылу салтанаты, 1941-1945 жылдардағы мұрағаттық деректер, кітаптар көрмесі, кеңес сарбаздарының киім-кешектері мен қаруларының экспозициясы ұйымдастырылып, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері іздеу отрядының жұмыстары туралы «Мемориалдық аймақ» атты деректі фильм көрсетілмек.