Елордадағы Успен Кафедралық Соборының күмбездері орнатылды
АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Астана қаласында салынып жатқан Успен Кафедралық Соборы құрылысының негізгі кезеңі аяқталды.
Атап айтқанда, бүгін жаңа шіркеудің күмбездері орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімідігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күмбездің әрқайсысының салмағы 78 тонна. Ғимараттың сыртқы және ішкі жөндеу және шіркеу аумағын абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Естеріңізге сала кетейік, Успен Кафедралық Соборының құрылысы 2004 жылы басталған. Бұл Орталық Азияда соңғы 20 жылда салынған жалғыз кафедралық собор. Ол аймақтағы Орыс православ шіркеулерінің рухани орталығы болмақ. Аумағы 900 шаршы метр, ал биіктігі 68 метр болатын шіркеуге бір уақытта 4 мың адам кіре алады.
Успен Кафедралық Соборы күмбездерінің орнатылу салтанатына қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов, дін қызметшілері мен басқа да діндарлар қатысты.