Елордадағы жаңа университет жанынан зияткерлік мектеп пен ғылыми орталық бірге ашылады - Мемлекет басшысы
А. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Елордада құрылатын жаңа университет жанынан зияткерлік мектеп пен ғылыми орталық бірге ашылады.
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналар бойынша өтіп жатқан тікелей желідегі сұхбаты барысында осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астанада алдыңғы қатарлы жаңа университет құрылатындығы белгілі. Бұл университетте ең алдымен зияткерлік мектептер ашылады. Сол мектептерден университетке студенттер жолданатын болады. Университет жанынан ғылыми орталық та ашылады. Университетті бітірген кез келген білімді студент сол орталықта қалып, қызмет ете алады. Осылайша, болашақ ғылыми қызметкерлер университет жанында дайындалатын болады», деді Елбасы.
Сонымен бірге, еліміздегі бірқатар ғылым академиялары университетке берілгендігіне тоқталған Мемлекет басшысы, ғалымның өзі университеттерде, олардың жанында құрылған орталықтарда шыңдалуы тиістігін атап өтті. «Зерттеулер, ғылыми жұмыстар мен бизнес бір жерде орналасқаны дұрыс. Мен бұндай қадамды құптаймын», деді Президент.