Елордадағы жанар-жағармай құю стансысынан шыққан өрт себептері анықталуда, жүргізуші зардап шекті
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті Тәшенов көшесінің бойында орналасқан «Асқар» жанар-жағармай құю стансысында болған өрттің шығу себептерін хабарлады.
Құтқарушылардың мәліметіне сәйкес, төтенше оқиға жайындағы ақпарат сағат 11.00-12.00 аралығында түсті. Оқиға орнына 5 минуттың ішінде жеткен өрт сөндіру қызметі шұғыларада тілсіз жауды сөндіруге кіріскен.
«Өрт ошағы жүргізуші кабинасынан шыққан. Өртеніп жатқан көліктің цистернасында жеңіл тұтанатын сұйықтықтың болуы жағдайды одан әрі қиындатты. Қауіп-қатерді ескерген елордалық құтқарушылар өз өмірлеріне қауіп төніп тұрғандығына қарамастан жинақы әрі сауатты қимылдап, өрттің таралуына жол бермей, ірі қайғылы оқиғаның алдын алды. Жалын 11.35-те өшірілді», - делінген хабарламада.
Өрт сөндірушілер келгенше, қолын 2-3 дәрежелі күйік шалған жүргізуші Травматология ғылыми-зерттеу институтына жеткілді. Төтенше оқиға орнына Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің 16 маманы мен 4 техникасы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта оқиға орнында тергеу тобы өрттің шығу себептерін анықтауда.