Елордадағы жол апаты: Бақыт Сұлтанов жапа шеккендердің жағдайын біліп қайтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендердің бүгінгі жағдайы туралы №2 аурухананың бас дәрігері Иван Ли мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордадағы жол апаты: Бақыт Сұлтанов жапа шеккендердің жағдайын біліп қайтты

Науқастардың хал-жағдайын білу үшін қалалық ауруханаға қала әкімі Бақыт Сұлтанов пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов келді. Әкім мен министр алдымен аурухана жұмысымен танысып шықты, содан соң жол апатынан зардап шеккен жандардың хал-жағдайын сұрады.

«Біздің ауруханаға барлығы 29 зардап шегуші келіп түсті, оның 14-іне амбулаториялық қызмет көрсетілді, яғни алғашқы медициналық көмек пен бастапқы хирургиялық өңдеу жасалып үйлеріне жіберілді. Қазіргі уақытта стационарда әртүрлі деңгейдегі жарақат алған 13 адам жатыр, оның 8-і травматология бөлімінде, соның ішінде өте ауыр жағдаймен 3 зардап шегуші реанимациялық бөлімде жатыр. Және 2-і пациент торакальды-хирургиялық бөлімде жатыр», - деді аурухананың бас дәрігері Иван Ли.

Оның айтуынша, кеше өмірлеріне қауіп төнген 5 зардап шеккен жанға шұғыл ота жасалды. Және пациенттердің халдеріне қарай алдағы уақытта қосымша тағы ота жасалатын болады.

«Қазіргі уақытта барлық пациенттің жағдайы дәрігерлердің жіті бақылауында. Әсіресе 3 зардап шегуші әйелдің жағдайы қиын болып тұр. Олар жасанды желдету аппаратымен тыныс алуда. Әзірге ағзалары ота жасауға мүмкіндік бермейді. Жағдайлары ауыр бірақ, тұрақты. Ал жас ерекшеліктеріне келсек, біреуі 52-де, келесісі 63-те және біреуі 65-те», - деді ол.

Айта кестек, кеше қаладағы Ұлы Дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында қала маңы бағдарындағы № 301 автобус № 12 бағдардағы жолаушылар автобусымен соқтығысты. Соққының екпінімен олар № 53 автобусқа және жедел жәрдем көлігіне барып соғылды.

Апат салдарынан 2 адам қаза тауып, 27 адам зардап шекті.