Елордадағы жол апатынан зардап шеккендерге 160-қа жуық адам қан тапсырды - әкімдік
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кеше, елордада автобустардың соқтығысуынан болған жантүршігерлік жол апатынан зардап шеккендер үшін 160-қа жуық азамат өз еркімен қан тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осыған қарай Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева фейсбук желісінде пост жариялап, болған оқиғаға жанашырлық танытқан қала тұрғындарына алғысын білдірді.
«Кеше қалалық ауруханаларға автобустардың соқтығысуынан болған жол апатынан зардап шеккендерді шұғыл түрде жеткізіп жатты. Біраз уақыттан соң тұрғындар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы зардап шеккендерге қан қажет екендігі туралы хабар тарата бастады»,-деп жазды баспасөз хатшысы.
Оның сөзінше, бүгінгі таңда қалалық клиникаларда қан жетіспеушілігі сияқты проблема жоқ.
«Дегенмен, біз осындай қиын-қыстау уақытта тұрғындардың болған оқиғаға немқұрайлы қарамай, белсенділік танытқандарына қуанып қалдық. Тек кеше ғана 160-қа жуық азамат зардап шеккендер үшін деп келіп, қан тапсырды. Нәтижесінде 80 литр қан жиналды. Қала әкімдігі мен дәрігерлердің атынан кең пейілдеріңіз үшін Сіздерге алғыс айтамын»,-дейді Эльвира Жүргенбаева.