Елордадан Алматыға қатынайтын «Боинг 737» ұшағы «апатты жағдайда» Астана халықаралық әуежайына қонды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадан Алматыға қатынайтын «Боинг 737» ұшағы апатты жағдайда Астана халықаралық әуежайына қонды. Осындай оқиға желісімен жаттығу шараларын өткізген мамандар шұғыл іске кірісті, деп хабарлайды «Хабар» агенттігі.
Өрт сөндіруші 4 техника уақытында жетіп, мамандар тілсіз жауды қас-қағым сәтте ауыздықтады. Құтқарушылар ұшақ ішінде қалған 22 жолаушыны қауіпсіз жерге шығарып үлгерді. Жауапты қызметкерлер 3 минутта өздеріне жүктелген тапсырманы мінсіз орындап шықты. Жаттығуға 60 қызметкер мен 15 техника қатыстырылды. -Ақтау әуежайындағы болған апатты жағдайдан кейін кезектен тыс оқу-жаттығу өткізіп отырмыз. Мұндай жаттығуларды жылына кем дегенде 2-3 рет өткіземіз. Астана халықаралық әуежайы апатты жағдайға 100 пайыз дайын деп айта аламын. Техника да мамандарда жеткілікті, - деді «Астана халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Жауханов.