Елордаға 800 автобус жүргізушісі қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғамдық көлік жүргізушілерінің тапшы болуына байланысты Астана әкімшілігі 800 адамды жұмысқа қабылдауға дайын.

Елордаға 800 автобус жүргізушісі қажет

Бұл жайында бүгін «Астана LRT» ЖШС басқармасының төрағасы Талғат Ардан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бізде жүргізушілер жетіспейді. Біз Астанада шамамен 800 адамды жұмысқа қабылдауға дайынбыз. «Астана LRT» серіктестігіне жүгінер болсаңыздар жүргізуші ретінде жұмысқа қабылдануыңызға көмектесеміз. Ол жақта жалақы жеткілікті», - деді Ардан.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылы елорданың барлық 9 автобус паркінің тәртіптік кеңестерінде жүргізушілер мен кондукторлар тарабынан бұзушылықтарға қатысты 10 мыңнан астам дерек қаралды. Нәтижесінде шамамен 300 адам жұмыстан шығарылып, 3 мыңына айыппұл салынды, тағы 6,5 мың адамға сөгіс жарияланып, ескерту берілді.

Бүгінде  астанада 81 бағдар бар, оның ұзақтығы 3500 шақырымды құрайды. Күніне шамамен 870 мың жолаушы тасымалданады. Қала тұрғындарына қызмет көрсететін автобустардың саны - 1025.