Елордаға Астана атауы қайтарылуын қолдаймын - Ибрагим Ескендір
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әнші Ибрагим Ескендір елордаға Астана атауын қайтару туралы депутаттар ұсынысы Конституциялық заң жобасына енгізілгеніне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әншінің айтуынша, «Астана» — құлаққа сіңімді, бала күннен естіп өскен атау.
«Дегенмен, бала күннен Астана атауын естіп өстік, балалық шағымыз да осы қалада өтті. Құлағымызға осы атауды сіңіріп өстік. Парламенттегі депутаттар тобы елорданың бұрынғы Астана атауын қайтару туралы ұсыныс жасапты. Ал депутаттардың бастамасы Мемлекет басшысының келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілді. Егер алдағы уақытта елордаға Астана атауы қайтарылса, оған мен қарсы болмаймын, қолдаймын. Онда тұрған ештеңе жоқ»,- деді Ибрагим Ескендір.
Еске салайық, бүгін мәжіліс депутаттарының елордаға Астана атауын қайтару туралы ұсынысы Мемлекет басшысының келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілді.