14:24, 16 Қаңтар 2009 | GMT +5
Елордаға атақты ресейлік цирк әртістері келді
АСТАНА. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Астанаға әйгілі цирк шеберлері Артур және Карина Багдасаровтар әулеті өздерінің «Жолбарыстар–думаны» бағдарламасымен келді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Багдасаровтар осының алдында Қарағанды, Алматы қалаларында өнер көрсеткен еді. «Елордалық цирк ғимараты және онда жасалған жағдайлар қатты ұнады. Біздің бағдарламаға 13 жолбарыс қатысады. Ең керемет цирктердің бірі - Кеңес Одағының циркі болғаны белгілі ғой. Ескінің жалғасы - Астана жұртының мауқын басатындай сол ғажайыпты барынша жарқыратып көрсетеміз деп ойлаймын. Әулеттің аты да, атадан балаға мирас болған дәстүр де осыған міндеттейді», деді А.Багдасаров бүгін журналистермен кездесуінде.
Багдасаровтар қойылымдарынан бөлек, цирктің басқа да жанрлары көрініс тауып, түрлі ойын-сауық бағдарламалар орындалады.Цирк әулетін өткен ғасырдың 30-40 жылдары Артур мен Каринаның нағашы атасы Николай Язев бастаған. Ал 1973 жылы циркке КСРО халық әртісі Маргарита Назарованың шәкірті, жыртқыш аңдарды үйретуші Михаил Багдасаров келеді. 1991 жылы М.Багдасаров «Жолбарыстар-думаны» қойылымына қызы Каринаны, ал екі жылдан кейін Артурды қатыстырады. Содан бері, міне, Карина мен Артур Багдасаровтар әулетінің жолын жалғастыруда.«Жолбарыстар-думаны» қойылымы елордалық циркте қаңтардың 18-і мен 25-і аралығында өтеді.