Елордаға француз раушангүлдері отырғызылмақ (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қалалық коммуналдық қызметтер 23 сәуірге белгіленген жалпықалалық сенбілікке дайындалып жатыр. Қазіргі кезде аудандарда ағаштар мен көшеттер отырғызатын орындар әзірленіп, гүлзарларды, көшелер мен гүлбақтарды тазалау, топырақ пен құм шығару жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қаланы санитарлық тазарту және жерлерді гүл отырғызуға дайындау жұмыстары қолға алынды.

Елордаға француз раушангүлдері отырғызылмақ (ФОТО)

Елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, қазіргі кезде аудандарда барлық учаскелерде жұмыс істеу кестелері жасалып, жауапты тұлғалар анықталды.

«Сенбілікке дайындық қызу жүргізіліп жатыр. 2200-ге жуық ірі ағаш, соның ішінде, қарағай, шырша, қайың отырғызылады. Бұдан басқа, үш ауданда 13 900 көшет егіледі. Атап айтқанда, терек, тал, мойыл, шегіршін, шетен және долана. Биыл бір күнде 16 мың ағаш отырғызылады», - деді «Астана - Зеленстрой» АҚ төрағасының орынбасары Бибігүл Бектемісова.

Елордада Орынбор көшесінде және «Арай» паркінде, Ақыртас, Ғабдуллин, Уәлиханов көшелерінде, Тілендиев даңғылында және т.б. жаппай ағаш отырғызылады. Көгалдандыру объектілерінде тиісті орындар дайындалып, көшеттер қойылады, инерттік материал (құнарлы жер, топырақ, қара топырақ) қажетті мөлшерде әкелінеді.

Айта кетейік, биыл қаланы жинау мен көгалдандыру жұмыстарында шағын механикаландырылған машиналар пайдаланылатын болады. Оның басты басымдықтарының бірі ықшамдылық пен салмағының жеңіл болуы, бұл кеспе тастар мен жолдың жиектерін байқап тазалауға мүмкіндік береді.

Мұнымен қоса, биыл бір жылдық гүлдер аз отырғызылады. Олардың орнына елордада көп жылдық гүлдер, соның ішінде раушангүлдер мен қызғалдақтар егіледі.
null

Жалпы ауданы 7 мың шаршы метрді құрайтын жерге 25 мың бірлік француз раушангүлі отырғызылмақ. 2016 жылы жалпы ауданы 162 288 шаршы метрлік жерге гүл өсіріледі.
null

Қала әкімдігі тұрғындарды елорданы абаттандыру мен көгалдандыруға өз үлесін қосып, алдағы сенбілікке қатысуға шақырады.
null null