Елордаға Польшадан үйретілген пілдер жеткізілді
АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Астанада шілденің 1-і мен 8-і аралығында жыл сайынғы «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалі өтеді. Елордалық цирк аренасында Ресей, Қытай, Танзания, Беларусь, Италия, Германия, Польша, Украина, Өзбекстан және Қазақстан әртістері өнер көрсетеді. Бұлардың көпшілігі - бүкіләлемдік фествальдердің жүлдегерлері мен лауреаттары, өз жанрларының қайталанбас хас шеберлері, циркшілер әулетінің ұрпақтары. Бағдарлама әрбір қатысушы бірегей шоу туғызатындай ұлттық цирк ерекшеліктерімен толықтырылған.
Цирк фестивалі аясында фестивальге қатысушылар мен олардың төртаяқты достарының елорда көшелерімен үрмелі оркестрдің сүйемелдеуімен жүріп өту мерекелік шеруі кавалькадасы өтеді.
Сонымен қатар, фестиваль бағдарламасында әуе гимнасшылары, асқан шебер жонглерлер, акробаттар мен көңілді сайқымазақтар өз өнерлерін көрсетеді. Сондай-ақ үйретілген пілдер мен маймылдарды да тамашалауға болады.
Астана қаласының ресми сайтының хабарлауынша, аренаға шығатын барлық жануарлар қазірдің өзінде әкелініп, елорда циркінің вольерларына орналастырылуда.