Елордаға шетелдік туристер қай елдерден көп келеді
АСТАНА.KAZINFORM – Астанаға келетін шетелдік туристердің басым бөлігі Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ және Германиядан келеді. Бұл туралы «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының туристік бағыттар мен қызметтерді дамыту департаментінің директоры Ольга Абельдинова айтты.
Елордаға деген туристік қызығушылықтың артуы экономикалық көрсеткіштерден де байқалады.
– Егер 2022 жылы көрсетілген туристік қызметтердің көлемі 35 млрд теңгені құраса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 45 млрд теңгеге, 2024 жылы 65 млрд теңгеге жетті. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша 74 млрд теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14 пайызға жоғары. Осылайша, туризмнің қала экономикасына қосатын үлесі артып келе жатқанын көріп отырмыз, – деді ол AIMAQ подкастында.
Сарапшының түсіндіруінше, туристердің жұмсайтын қаражаты қаланың бірнеше экономикалық саласына тиесілі. Олардың қатарында қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану орындары, көлік, сауда, мәдени нысандар мен ойын-сауық индустриясы бар.
Сонымен қатар қала алдында туристер санын көбейтумен қатар, олардың елордада болу уақытын ұзарту міндеті тұр. Осы мақсатта сауықтыру, қала ішіндегі және қала сыртындағы демалыс бағдарламаларын қоса алғанда, жаңа туристік ұсыныстар әзірленіп жатыр.
– Қазір іскерлік сапармен келетін туристерге арналған жаңа Wellness бағдарламаларын, қала ішіндегі және қала сыртындағы демалыс бағыттарын ұсынып жатырмыз. Соның нәтижесінде іскерлік мақсатта келген қонақтар бұрынғыдай үш күн емес, бес күнге дейін аялдай бастады.
Олар негізгі жұмыс бағдарламасына қаланың көрікті жерлерін аралауды, сауда орталықтарына баруды және қала сыртындағы саяхаттарды да қосып жүр, – деді Ольга Абельдинова.
Айта кетейік, ішкі туризм 84,4% өсті.