Елордаға тағы бір айыппұл көлік тұрағы қажет
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада үшінші айыппұл тұрағын салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Қазір қалада Алаш тас жолындағы және Н. Тілендиев даңғылындағы мамандандырылған екі автотұрақ жұмыс істейді. Ал, қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы «Көктал-2» маңынан 5,1 гектар жер теліміне тағы да бір тұрақ салуды көздеп отыр.
«Бүгінде көлік қойылатын екі арнайы автотұрақ толып кетті. Онда ұзақ тұрып қалғандықтан жүруге жарамсыз көлік көп. Алаш тас жолы бойында 541 көлік, Н.Тілендиев даңғылы бойындағы тұрақта 600 көлік тұр», - деп мәлім етті қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әлихан Қуатбеков.
Ол қалалық әкімдіктегі қоғамдық кеңесте «Астана қаласының аумағындағы автотұрақ ұйымдарының ережесін бекіту туралы» қаулысын өзгертуді ұсынды.
Сонымен қатар жаңа мамандандырылған тұрақ салудың қажеттілігі туындаған. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. «Автотұрақ «Көктал-2» тұрғын үй алабындағы мамандандырылған ХҚКО қасына, 5,1 га жер теліміне салынады. Жыл соңына дейін сараптама қорытындысын алуымыз керек», - деді басқарма басшысы.