Елордаға Түркістан облысынан 400 тоннаға жуық өнім әкелінді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордаға Түркістан облысынан 400 тоннаға жуық өнім әкелінді

«Бүгінгі жәрмеңкеге облыстың 55 ауылшаруашылық тауар өндірушісі 365 тоннадан астам өнімді жеткізді. Оның ішінде жеміс-жидек, көкөніс және басқа біздің жерде өсетін өнімдер бар. Бағаға келсек, Нұр-Сұлтан қаласының нарықтық бағасынан 10-15 пайызға арзан. Жалпы алғанда Түркістан облысы үшін ауыл шаруашылығы маңызды салалардың бірі болып табылады. Сондай-ақ, жәрмеңке біздің тауар өндірушілерге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Себебі, олар өз өнімдерін облыс көлемінде ғана емес республикалық деңгейдегі нарыққа шығаруға жағдай жасалып отыр. Яғни өз өнімін сата отырып, оған жарнама жасайды», - деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр.null

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер қазіргі таңда сақтау қоймаларын салып, тұтынушыларды көкөніс және жеміс-жидекпен жыл бойы қамтамасыз етуді қолға алуда.null

«Сол сияқты өнімдерді сатып қана қоймай, бір өнімнен екінші өнімді шығару маңызға ие болып отыр. Мысалы, жидек-жидектерден шырын жасау. Тағы бір ерекше айта кететін дүние - бізде қазір ешкі сүтін өндіру қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, біздің шұбат жоғары сұранысқа ие. Бұл мақсатта қытайлық инвесторлардың қолдауымен арнайы зауыт салынды, онда күніне 100 тоннаға дейін шұбат және шұбат өнімдері шығарылады», - деді ол.null

Одан бөлек, жәрмеңке аясында бүгінгі халықаралық балаларды қорғау мерекесіне орай 16 жасқа дейінгі балаларға балмұздақ және сүт өнімдері тегін таратылуда.

1-2 маусым күндері өтетін ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі елордадағы «Қазақстан» спорт кешенінің жанында өтіп жатыр.

null null null null null null