Елордаға жас қаламгер тартуы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана төрінде алғаш рет 22-28 қыркүйек аралығында Қанат Жүнісовтің шығармашылық апталығы өтеді. «Жас қала, жас қаламгер» атты айдар таққан кеш әнші, ақын, драматургтың қаламынан туған туындыларға арналады, деп хабарлады astana.gov.kz.

Елордаға  жас қаламгер тартуы

«Қырықтың қырқасына шықтым, одан кейін шығармашылығыма 20 жыл толды. Бірақ, 60, 70 жас емес. Мерейтой деуге келмес. Шығармашылық апталық», -деді ақын, драматург Қанат Жүнісов.

Дәстүрлі әннен басталып, эстрадалық әнмен өріліп, бірнеше қойылым сахналанады. Өнер иесін құттықтауға Түркістан қалалық сазды драма театры мен Ақмола облыстық қазақ драма театры арнайы келеді.

«Бір күндік шығармашылық кеш жасағым келмеді. Содан кейін замандастарымның, халықтың назарын драматургияға бұрғым келді», деп атап өтті Қанат.

Ол бүгінге дейін бірнеше пьеса, 200-ден астам әнге сөз жазған. Шығармашылық апталық аясында оның «Сәкен - сұңқар» трагедиялық драмасының тұсауы кесіледі. Сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың өнерін әріптестері де жоғары бағалайды.

«Махаббат мелодрамасында» Нұржамалдың рөлін сомдадым. Қанаттың шығармасында ойнағаныма өте қуанамын. Жақсы рөл, ананың рөлі, жаныма өте жақын. Сахнаға өте ыңғайлы жазылған. Жетік, ойы ұшқыр. Әлі де алар биігі алда болсын. Қазақтың мақстаныш, бүгінгі Сәкені», - деген пікірін жеткізді Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Бақыт Исабекова.

Елорда төріндегі форматы өзгеше шығармашылық апталық Астана қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен өтеді.