Елордаға жолаушылардың басым бөлігі ПТР анықтамасымен келеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бір тәулікте елордаға 5 рейспен 995 адам келді, оның ішінде 985 жолаушыда теріс нәтижесі бар ПТР анықтамасы болды.

Елордаға жолаушылардың басым бөлігі ПТР анықтамасымен келеді

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір тәулік ішінде 5 рейспен 995 адам келді, оның ішінде теріс нәтижесі бар ПТР анықтамамен – 985 адам келіп, 10 адам карантиндік стационарға жатқызылды және тексерілді, барлығының нәтижелері – теріс», - деп толықтырды С. Бейсенова елорда әкімдігінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, 2 қазаннан бастап 691 рейстен 92 689 адам келді, оның ішінде 75 503 жолаушыда теріс нәтижелі ПТР анықтамасы болған. 15 адам депортацияланды, 17 186 адам карантиндік стационарға жатқызылды және тексерілді және 44-інде КВИ оң нәтижесі анықталды.

«КВИ диагностикасы бойынша қалада тәуліктік қуаты 12 955 зерттеуге жететін 24 зертхана жұмыс істейді. Жыл басынан бері барлығы 315 891 зерттеу өткен, оң нәтижелі – 12 621, оның ішінде қайталама және бақылау талдаулары жүргізілген», - деді С. Бейсенова.

Бұған дейін Сархат Бейсенова елордадағы КВИ жұқтыру статистикасын жариялаған еді. Елордада коронавирус жұқтырғандар күніне 150-ден 280-ге дейін тіркеледі.

Сонымен бірге, С. Бейсенова қандай жағдайда карантин талаптары күшейтілетінін түсіндірді.

Мектеп оқушыларына келсек, қашықтан оқитындар арасында КВИ жұқтыру жағдайы көбейген.