Елордалық қарт немересін зорлады деген күдікпен қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Өз немересіне сексуалдық сипаттағы зорлық көрсетті деген күдікпен егде жастағы елорда тұрғыны қамауға алынды. Бұл ақпаратты қалалық Полиция департаменті растады.

Алдымен аталған жайт туралы қазақстандық адвокат Азамат Сағал желідегі жеке парақшасында жария етті. Адвокаттың айтуынша, атасы 7 жасар немересіне сексуалдық зорлық көрсетті деп қыздың анасы хабарлаған.
Істің мән-жайын білу мақсатында елорданың Полиция департаментінің баспасөз қызметіне жүгінген едік.
— Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, Астана қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды, — деген хабар алдық.
Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Айта кетсек, Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан аса хабарлама түседі.
Одан бөлек, 6 жасар қызға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткен ақтөбелік сотталғаны туралы жазған болатынбыз.
Еске салайық, елімізде зорлық-зомбылық құрбандарына көмек беретін 65 орталық жұмыс істеп тұр.