Елордалық оқушы Tiktok және Youtube көретін балалардың зейінін зерттейтін нейрожоба әзірледі

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласындағы Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Сетқазы Мирас TikTok және YouTube платформаларындағы қысқа видеолардың балалардың зейініне ықпалын зерттейтін нейрожоба әзірледі, деп жазды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Школьник из Астаны исследует влияние TikTok и YouTube на внимание детей
Фото: Астана әкімдігі

Жобаның мақсаты – қысқа видеоларды көру уақыты мен зейін тұрақтылығы арасындағы байланысты тәжірибе арқылы анықтау. Зерттеу барысында оқушылардың экран уақыты талданып, сауалнама жүргізіледі. Сондай-ақ Шульте кестесі мен Бурдон түзету сынамасы арқылы зейінді шоғырландыру жылдамдығы, тұрақтылығы мен дәлдігі бағаланады.

Жоба аясында қысқа бейнелерді көруге дейінгі және кейінгі нәтижелер салыстырылып, мидың мадақтау жүйесі мен дофаминнің рөлі қарастырылады. Оқушы зерттеу нәтижелерін ғылыми тұрғыдан түсіндіруге және себеп-салдар байланысын асыра бағаламауға мән береді.

Жобаның практикалық нәтижесі ретінде цифрлық гигиена ережелері, жадынама мен ақпараттық буклет әзірлеу жоспарланған. Бұл материалдар оқушыларға экран уақытын саналы басқаруға және сабақ кезінде зейінін шоғырландыруға көмектеседі.

Жобаның негізгі мақсаты – смартфоннан бас тарту емес, цифрлық технологияны тиімді пайдаланып, зейінді басқару дағдысын қалыптастыру.

Ғалымдар молекулаларды танитын нейрожелі жасағанын жазған едік.