Астаналық спортшылар гимнастикадан әлем кубогында қола жүлдеге ие болды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордалық №1 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің арулары әлем кубогының екінші кезеңінде 39 елдің үздіктерімен бақ сынасып, өзгелерден оқ бойы оза шапты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Атап айтар болсақ, астаналық «Фурор» командасы байрақты бәсекеде лентамен өнер көрсетіп, қола жүлдеге қол жеткізді. Команда құрамында Жасмин Жүнісбаева, Кристина Чепульская, Аида Хакимжанова, Айзере Кеңес, Айзере Нұрмағамбетова және Мәдина Мырзабай өнер көрсетті.
– Біздің спортшылар халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатып, мықты қарсыластар арасында жоғары нәтижеге қол жеткізді. Әлем кубогында үлкен жетістікке жету үшін бар күшімізді салдық. Жақсы дайындалдық. Осы орайда командамызды шын жүректен құттықтағым келеді. Жаңа белестерге жете беріңіздер, - деді №1 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің көркем гимнастика бөлімінің аға жаттықтырушысы Меруерт Балгинбаева.

Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі 1-орынды Қытай құрамасы, 2-орынды Израиль алды. Ал Қазақстан үздік үштіктің қатарына енді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Милад Каримидің әлем кубогы кезеңінде тағы бір алтын алғанын хабарлаған едік.