Елордалық зағип оқушы Лондонда топ жарды
ЛОНДОН. KAZINFORM – Көзі көрмейтін елордалық оқушы Лондонда өткен «Алтын уақыттың дарыны» деп аталатын өнер байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Абылай Мұстафин халықаралық конкурста қазақстандық авторлардың шығармаларын фортепианода орындап, шетелдік қазылардың жоғары бағасына ие болды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Абылай — Астанадағы Жұмабек Тәшенов атындағы мектеп-гимназиясының 9-шы сынып оқушысы. Ол сондай-ақ Роза Бағланова атындағы 2-ші музыкалық мектепте білім алады. Туғанынан көзі көрмейтін бірінші топтағы мүгедек болса да, мүмкіндігінің шектеусіз екенін дәлелдеді. Бұған дейін Хабар телеарнасынан көрсетілген «Жұлдызай» байқауында лаурет атанса, бүгін халықаралық өнер додасында топ жарды.
«Мен жеңімпаз болып ұтып жатқаныма бақыттымын. Осындай мүмкіндік сыйлағаны үшін музыкалық мектеп мұғалімі Олеся Ивановнаға, анам мен әкеме рақмет», — дейді байқаудың бас жүлдегері Абылай Мұстафин.
Абылай есепке де жүйрік. Германияда және Түркияда менталды арифметикадан өткен олимпиадада топ жарып, жүлделі орынға ие болды. Жас өрен болашағын IT технологиялармен байланыстырғысы бар. Байқауда алматылық суретші Әсемгүл Сүлейменова да бас жүлдені қанжығалады.
«Менің басты мақсатым осы қазақи өнерді, қазақи нақыштағы суреттерімді әлемге таныту және осы бізде Қазақстанда өнер адамдары көп екенін, бар екенін білдіру», — дейді байқаудың бас жүлдегері Әсемгүл Сүлейменова.
Байқауда бақ сынағандардың 30 пайызы отандастарымыз. Мәселен, ағайынды Гүлімай, Дінмұхаммед, Нұрбақыт Талап сахнаға шығып, ұлттық өнерімізді паш етті. Домбырада ойнап, қазақ күйін күмбірлетті. Байқауға балалармен қатар кәсіпқой музыканттар да қатысты. Араларында Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры да бар.
«Ең біріншіден, біздің үрлемелі аспап квинтетімізге 20 жыл толып жатыр осы жылы. Соған арнап әдейі келіп жатырмын. Қазақстанды танытуға, Қазақстанды білсін, көрсін деген оймен келіп жатырмыз», — деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Ерманов.
Төртінші жыл қатарынан өтіп жатқан «Алтын уақыттың дарыны» атты халықаралық байқаудың ұйымдастырушысы Украина азаматтары. Олар музыка, бейнелеу өнері, хореография және басқа да аталымдар бойынша онлайн іріктеуден өткен 25 елдің өкілін Ұлыбританияға шақырған. Байқауға қатысу ақылы. Одан бөлек виза және жол шығындары бар. Отандастарымыздың Лондонға келуіне демеушілер қолдау көрсеткен.
«Үлкен дарын иелеріне арналған дүбірлі додалар көп. Біздің байқауға өзін әлі танытып үлгермеген, бірақ талантты өнер адамдары қатысады. Бес жасар баладан бастап, 70-тен асқан ақсақалға дейін сахнаға шығып жатыр», — дейді байқау ұйымдастырушысы Иннесса Била.
Жеңімпаздардың есімдері байқаудың ресми сайтындағы үздіктер тізімінен табылады. Озық оқу орындарынан шақырулар алып, шетелдік компаниялар оларға қызметтер ұсынуы ықтимал. Дарындылар визасына ие болып, Ұлыбритания мен АҚШ-та өнерлерін шыңдауға да мүмкіндік бар, дейді ұйымдастырушылар.