Елордалық Антикор мемлекеттік сатып алуға бөлінген 2,2 млрд теңгені үнемдеген
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Астанадағы «Достық үйінде» мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлермен кездесіп, мемлекеттік сатып алулар процесінде туындайтын мәселелерді талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Басқосуға Астана қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері мен әкімдіктің жауапты тұлғалары қатысты.
«Біз бизнесті қорғауға көп күш жұмсаймыз. Кәсіпкерлік әдетте мемлекеттік уәкілетті органдармен мемлекеттік сатып алуға қатысу төңірегінде тығыз жұмыс істейді. Кәсіпкерлер көтеретін мәселелер – ашықтықтың жоқтығы, конкурс негізінде қабылданған шешімдермен келіспеу және өзге де түйткілдер. Мұндай өтініштердің саны өсуде. Сондықтан кәсіпкерлермен бірлесіп, болашақта өткізілетін барлық сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған заңнаманы өзгерту бойынша олардың сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдағымыз келеді», - деді Астана қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Ілияс Базилов.

Оның айтуынша, мемлекеттік органдар тауарды сатып алу кезінде көбіне нарықтық бағадан жоғары соманы көрсетеді. Агенттік дерегінше, 9 айда осындай әрекеттер анықталып, нәтижесінде бюджет қаражатынан 2,2 млрд теңге үнемделген.
«Біз мемлекеттік сатып алу порталындағы барық конкурстарды тексереміз. Егер бағаны негізсіз көтеру немесе басқа да сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттерді байқасақ, мемлекеттік органға заттардың сомасына назар аударуын талап етіп, хат жолдаймыз. Яғни, оларға нарыққа сәйкес келетін бағаны ұсынуды сұраймыз. Осылайша, біз ағымдағы жылдың 9 айында бюджет қаражатынан мемлекеттік сатып алуға бөлінген 2,2 млрд теңгеге жуық ақшаны үнемдедік. Бұл қаражат органдардың тауарлар мен қызметтер үшін ұсынған бағаларын қайта қарау нәтижесінде үнемделді», - деп атап өтті Ілияс Базилов.
Кездесуге қатысқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаевтың айтуынша, қазіргі таңда елорда аумағанда 191 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында сындарлы диалог құрылды. Біз барлық мемлекеттік органдармен тұрақты түрде жиналып, мүмкіндігінше барлық мәселелерді шешуге тырысамыз. Елордада бизнес ахуалды жақсарту мәселесі ерекше өзекті. Өйткені, шаһар экономикасының жартысынан көбі бизнестің еншісінде. Бизнеспен айналысу барлық кәсіпкерлерге тиімді болуы керек. Ол үшін мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама үнемі жаңартылып, жетілдіріліп отырады. Дегенмен заңнамада әлі де өзгерісті талап ететін олқылықтар бар», - деп тоқталды Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев.


