Елордалық ардагерлерге Жеңіс күніне орай 150 мың теңгеден әлеуметтік қолдау көрсетілмек
Атап айтқанда, 258 соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне 150 000 теңге көлемінде қаражат берілмек, деп хабарлады Астана әкімдігінің баспасөз қызметінен.
«Жеңіс күніне орай, келесі санаттар бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақы алушыларға материалдық көмек көрсету көзделіп отыр: 1-ші санат бойынша - 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектер - 150 мың теңгеден, 2-ші санат бойынша - жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер - 20 мың теңгеден алады, олардың дәрежесі Қазақстан Республикасының «ҰОС қатысушылары, мүгедектерінің жеңілдіктері мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» Заңының 6 және 8-баптарымен анықталған», - деп хабарлады елордалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынан.
Сонымен бірге, жеңілдіктер мен кепілдіктері бойынша соғысқа қатысқандарға теңестірілгендерге, соғыс жылдары тылда жұмыс істегендер мен қаза болған әскери қызметкерлердің отбасыларына 10 мың теңгеден беру қарастырылған.
Сондай-ақ Жеңіс күні мерекелік концерттер, еңбек ұжымдарында соғыс ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырылып, естелік сыйлықтар табысталады.
Мерекелік шараға келуге мүмкіндіктері жоқ ардагерлер Жеңіс күні қарсаңында үйлерінде құттықталмақ. Қарт майдангерлерге азық-түлік қоржыны мен естелік сыйлықтар табысталады, сонымен бірге, шипажайларға жолдамалар берілді.