Елордалық әйелдер ұйымдары «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясын қолдауда

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанадағы әйелдер ұйымдары «Нұр Отан» ХДП-ның «Қазақстан-2020» атты жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясын қолдайтындықтарын мәлім етті.

Елордалық әйелдер ұйымдары «Қазақстан-2020»  жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясын қолдауда

Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында елордадағы 8-ге тарта әйелдердің үкіметтік емес ұйымдары еліміздегі әйелдер ұйымдары мен барлық әйелдерді республикалық ынталы топтың бастамашылығын қолдауға шақырды.

Олардың айтуынша, Президент Н.Назарбаев гендерлік саясатқа үлкен қамқорлықпен қарап, елдің дамуында әйелдердің рөлін жоғарылатуға күш салудан жалыққан емес.

«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қоғам дамуы және мемлекеттің өркендеуі жолында әйелдер ұйымдары рөлінің артуына қолдау жасады және қолдап келеді. Ол гендерлік саясатты ешқашан назардан тыс қалдырмаған. Сондықтан бүгінгі заманда әйелдер қауымы ел қызметінің әр салаларында белсенділік танытып жүр. Біз Қазақстанның барлық әйелдерін аталған жалпыұлттық идеяны қолдауға шақырамыз»,-деп атап көрсетті «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» ұйымының үйлестіршісі Любовь Набитовская.

«Біз еліміздегі шынымен де бірегей ұлт Көшбасшысы деп Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты білеміз. Ол - елдік жоспарлардың орындалуының, мемлекет тұрақтылығының, ортақ үйіміздің бейбітшілік пен келісімде ұйысуының кепілі»,-деп санайды әйелдер ұйымдарының өкілдері.