Елордалық балалар қала күнін үлкен мерекелік бағдарламамен атап өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мерекелік бағдарлама Астананың құрдастары, егіздердің шеруімен және Кенесары хан ескерткішіне гүл шоқтарын қою салтанатынан басталды. Одан кейін қаланың барлық орта білім мекемелері оқушыларының арасында өткізілген «Астананың кішкентай аруы» және «Астананың кішкентай сұлтаны» байқауының қорытындысы шығарылды. Байқауға қатысқан 300-ге жуық баланың 15-і түрлі аталымдар бойынша дипломдармен марапатталса, №4-ші мектеп-гимназиясының оқушылары Айтөре Жангереев мен Жанерке Төлегенова байқау жеңімпаздары аталды. Байқаушыларды Астана қаласының Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина марапаттады.
Сондай-ақ аталмыш мерекелік бағдарлама барысында «Мен Астананы саламын» атты асфальтта сурет салу бойынша қалалық байқау өткізілді. Оған қалада жұмыс істейтін 30 мектеп пен үш балабақшадан 180-нен астам бала қатысты. Байқау нәтижесі бойынша бірінші орынды Ақерке Серікова (№61 мектеп), екінші орынды Назгүл Жасанова (№45 мектеп) және үшінші жүлделі орынды Қайрат Аманжолов (№40 мектеп) иеленді.
М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайының директоры Валентина Рябованың айтуынша, іс-шараға барлығы 800-ге жуық бала қатысты. «Оқушылар сарайы Астана қаласының туған күнін бүтін елмен бірге атап өтуді дәстүрге айналдырды. Бұған дейінгі жылдары мерекелік шаралар «Таңғажайыпты әлем» аталса, биыл ол «Балалық шақ - балдәурен аралы» деп аталады», - деді ол.
Келушілерге арнап Оқушылар сарайының жанында жұмыс істейтін «Бәйтерек», «Астананың жастығы», «Жұлдызды сағат» және «Шоқжұлдыз» ансамбльдері мен жеке әншілер ән мен биден шашу шашты.