Елордалық «Барыс» хоккей командасының бұрынғы капитаны қаза тапты
АСТАНА. 1 шілде. ҚазАқпарат - Жұмаға қараған түнде түмендік «Рубин» командасының қорғаушысы, елордалық «Барыс» командасының бұрынғы капитаны Ремир Хайдаров қаза тапты.
Бұл жайында «Экспресс К» газеті жазды.
Қайғылы оқиға хоккейшінің туған жері Қазан қаласындағы саяжайда демалып жатқан жерінде орын алды. Үй өртеніп, Ремир екінші қабаттағы туыстарын құтқаруға ұмтылған. Дәл осы кезде үйдің шатыры құлап, оны басып қалған.
34 жастағы ол бірнеше маусым «Ақ Барыс» клубының сапында өнер көрсетіп, Ресей чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Ал «Барыс» командасы ресейлік жоғары лигада ойнаған 2008-2009 жылғы маусымда елордалық команданың капитаны болған еді.