Елордалық байкерлер жол қозғалысы ережесін сақтауға шақырады
АСТАНА. 21 тамыз. ҚазАқпарат - Астанада кәсіпқой автошабандоздар мен байкерлердің қатысуымен «Біз жолдағы қауіпсіздікті қолдаймыз!» автошеруі өтті. Бұл туралы astana.kz сайтына елордалық Жол полициясы басқармасынан хабарлады.
Автошеру қаланың ескі бөлігінде басталып, сол жағалауда «Бәйтерек» монументінің жанында аяқталды. Байкерлер, автошабандоздар мен мен қаланың автомектептерінің көліктерінің шеруі барысында жол полициясы қызметкерлері патруль көліктерінде дыбыс күшейткіш құралдардың көмегімен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, еріктілер елорданың сауда және ойын-сауық орталықтарында «Қымбатты жолдас жүргізуші!» флеш-мобын ұйымдастырды, жүргізушілерге қауіпсіздік шаралары жайында жазылған жадынамалар мен ЖҚЕ сақтауға шақырған балалардың шығармаларын таратты. Шара соңында байкерлер мен автошабандоздар «Бәйтерек» монументінің жанында экстремалды шоу көрсетті.
Еске салайық, 2013 жылғы 7 айда елордада 339 жол-көлік оқиғасы орын алған. Соның ішінде 80 апат барысында 2 бала көз жұмып, 80-і жарақат алды. Жүргізушінің кінәсінен 250 ЖКО болып, 29 адам көз жұмса, 270-і зардап шекті. Аталған іс-шара арқылы жол полициясы қызметкерлері балалар арасындағы жол-көлік жарақаттарының және жалпы жол апаттарының артуына қоғам назарын аударып отыр.