Елордалық бес оқушы халықаралық конкурста бірінші орын алды

Халықаралық білім додасында № 66 мектеп-лицейінің, «Көгілдір желкен», Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының, «Мирас» халықаралық мектебінің, № 17, № 75, № 51, № 4 мектеп-гимназияларының және т.б. мектептерден 22 оқушы бақ сынасты. Дарынды балалар алдымен қалалық іріктеу кезеңінде өз жобаларын ұсынды. Содан кейін Ө. Жолдасбеков атындағы жыл сайынғы конкурста жүлделі орындарға таласты.
Конкурстың басты міндеті - оқушылар арасында зерттеу қызметін ұйымдастыру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ математика ғылымдары саласындағы зерттеулерге қызығушылық пен қабілеттілік танытатын оқушыларды анықтау.
- Турнир халықаралық деңгейде өткізіледі, оған Қазақстанның 16 өңірінен, Астана мен Алматы қалаларынан, Әзербайжан мен Қырғызстан елдерінен келген жоғары сынып оқушылары қатысады. Үздік оқушылар алдымен зерттеу жұмыстарын облыстық және қалалық деңгейде таныстырады, содан кейін мықтылары конкурсқа қатысады, - деді «Астана дарыны» республикалық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Раш Ермағанбетова.
Турнир қорытындысы бойынша конкурс жеңімпаздарына дипломдар табысталды.