Елордалық Білім басқармасына жаңа қызмет қосылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәслихат депутаттары Астана қаласы әкімінің Балалардың құқықтарын қорғау басқармасын әкімдіктің құрылымынан шығару туралы шешімін бірауыздан қолдады. Басқарманың қызметтері Білім басқармасына тапсырылады, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайтында.

Елордалық Білім басқармасына жаңа қызмет қосылды

Бұл туралы бүгін Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс отызыншы сессиясында мәлім болды.

«Үстіміздегі жылы 26 қаңтарда 2013 жылғы 17 маусымдағы Астана қаласы әкімдігінің «ҚР жергілікті мемлекеттік басқарудың базалық құрылымын бекіту туралы» Қаулысына өзгерістер енгізілді. Осыған байланысты, Астана қаласының әкімі 2014 жылғы 17 ақпанда «2013 жылғы 25 сәуірдегі Астана қаласы әкімінің «ҚР астанасы Астана қаласын басқару схемасы туралы» шешіміне келесідей өзгерту енгізу туралы шешім қабылдады. Оған сәйкес «Астананы басқару схемалары базалық құрылымға сәйкестендіріліп, әкімдіктің құрылымынан Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы шығарылады, оның қызметтері Білім басқармасына тапсырылады», - деді Астана қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Дәулет Досқұлов.

Еске салайық, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы Астана қаласының территориясында жасы кәмелетке толмағандардың заңды мүдделері және құқықтарын қорғау саласына жетекшілік еткен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болған.