Елордалық Д. Груздев Таиландта өтіп жатқан Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды

АСТАНА. 18 ақпан. ҚазАқпарат - Астаналық велоспортшы Дмитрий Груздев Таиландта өтіп жатқан Азия чемпионатында 40 шақырымдық жекелей сында күміс медальді жеңіп алды, деп хабарлайды елорданың Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы.

Елордалық Д. Груздев Таиландта өтіп жатқан Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды

Алтын жүлдені Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарында күміс медальға ие болған қырғыз спортшысы Евгений Ваккер олжалады. Ол Азия чемпионатында осымен 3-ші жеңісіне қол жеткізіп отыр. Е.Ваккер қашықтықты 56 минут 51 секунд ішінде жүріп өтті. Біздің Д. Груздев мәреге жеңімпаздан 1 минут 13 секунд уақытпен қалып келді. 3-орын Гуанчжоуда қола медальді місе тұтқан тәжірибелі ирандық Хуссейн Асқариға бұйырды.

Қатысушылардың сөзінше, бұл жарыс оларға оңайға соққан жоқ. 40 градус ыстықта 40 шақырымдық жекелей сынды бағындыру - үлкен сын. Өз қарсыласынан бір минуттан астам уақытқа қалып келген Д. Груздев, дайындыққа уақыт жетпей қалғандығымен түсіндірді.

Ертең, 19 ақпанда біздің велоспортшылар 160 шақырымдық топтық жарыста бақтарын сынайды. Қазақстан құрамасында Д.Груздевтен бөлек, Иван Сиваш, Михаил Кочетков (Астана), Абылай Шұғайыпов (Павлодар) сынды саңлақтар бар.

Жаттықтырушы Александр Кочетковтың айтуынша, аталған жарыста олардың жеңіске жетуге үлкен мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, оның айтуынша, топтық жарыста екі олимпиадалық лицензия сарапқа салынады.