Елордалық дүкендерге қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық ішкі істер департаментінің қызметкерлері елордалық дүкендерге қарақшылық шабуыл жасағандар тобын ұстады.
Ұсталған 25-28 жас аралығындағы Ақмола облысының тұрғындары дүкендерге шабуылдаған төрт факті бойынша күдікті деп танылуда, деп хабарлады Астана ІІД баспасөз қызметінен.
Ағымдағы жылғы 22 наурызда дүкендердің бірінің сатушысы бетперде киген белгісіз біреулер қарумен қорқытып, кассадан 50 мыңнан астам қаражатты қолды еткенін айтып, полицияға шағыммен жүгінген. Дәл осылай 16 наурызда ұрылар басқа дүкеннен 60 мың теңге мен сатушының жеке мүлкін қымқырып кеткен. 10 шілдеде сауда үйлерінің бірінде ұрылар күзетшіні байлап тастап, кассадан ақша ұрлаған.
Қазіргі уақытта олар қамауға алынды. Олардың басқа қылмысқа қатыстылығының бар-жоғы тексерілуде.