Елордалық емханаларда ҰОС ардагерлеріне кешенді көмек көрсетіледі (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай Астана қаласының №4 емханасында ардагерлердің құрметіне театрландырылған көрініс өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Аталмыш мерекеге Астана қаласы мәслихатының депутаттары, қалалық Ардагерлер кеңесінің өкілдері, «Астана Опера», «Жастар» театрларының әртістері, №56 мектеп оқушылары қатысты. Бағдарлама аясында ардагерлерге сыйлықтар беріліп, «АТФ банкі» ұжымы қайырымдылық шарасын өткізді. Шара барысында соғыс жылдарындағы әндер шырқалды.
ҰОС Жеңістің 70 жылдығына орай қалалық емханалардың үздік мамандары, соның ішінде кардиолог, невропатолог, офтальмолог, отоларинголог, сурдолог, хирург, эндокринолог, уролог мамандар ардагерлердің денсаулығын тексерді, УДЗ мен ЭКГ жасалды.
Емханаға Ұлы Отан соғысының 200 астам ардагері тіркелген. Жалпы, 25 мамандық бойынша бейінді мамандар клиникалық-диагностикалық көмек ұсынады.