Елордалық фотограф: Суреттер арқылы коронавирусты жеңетінімізге сенім ұялатқым келді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус індеті науқастарды ажалдан аман алып қалу жолында күн демей, түн демей арпалысқан дәрігерлердің ерлігін көрсетті. Ақ халатты абзал жандарға алғыстарын білдіріп жатқандар да аз емес. Кәсіби фотограф Руслан Мазунин болса, медицина қызметкерлеріне ерекше тәсілмен алғыс білдірді. Ол қазіргі уақыттағы нағыз кейіпкерлерді халыққа таныту мақсатында дәрігерлердің суретін елордадағы көпірдің жаяу адам көп жүретін тұсына орналастырған.
Руслан Мазунин кәсіби фотосуретке түсірумен 12 жылдан айналысып келеді. Коронавирус өршіп тұрған кезде де жұмысын тоқтатпаған. Індетпен күрес айларында ол дәрігерлердің қуанышын да, қайғысын да, науқастардың өмірін құтқарып қалу үшін жанын аямаған сәттеріне куә болғанын айтты. Руслан заманауи француз суретшісі JR Париждегі опера театрының қасбетіне дәрігерлердің суретін салғанын көріп, шабыт алған және өзі де дәрігерлерге алғыс айтуды жөн деп тапқан.

«Мен ешқандай ерекше нәрсе ойлап тапқан жоқпын. Осыған ұқсас нәрсені шетелден көргенмін. Мені шетелдегі адамдар дәрігерлерге алғысын қалай жеткізетіні таң қалдыратын. Сол кезде «Біз неге осылай ерекше ықылас білдіре алмаймыз?» деп ойладым. Соңғы алты айда болған жағдай әр адамның жүрегінде із, жазылмас жара қалдырып кеткені сөзсіз. Бірақ мен үміттің нышаны ретінде, бәрі жақсы болатынына сену ретінде дәрігерлердің көңілді сәттерін суретке түсіріп алғым келді. Екі апта бұрын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ШЖҚ «Көпсалалаы медицина орталығына» барып, фотосурет түсірудің сәті түсті. Жұмыс барысында мен түсірген әр сурет медицина қызметкерлерінің көңілінен шыққанын қаладым. Санитар, медбике, реаниматолог, фельдшер, инфекционист, дәрігер – олардың бәрі адам жанын арашалап қалу үшін күреседі», - дейді фотограф Руслан Мазунин.
Ол фотосуреттерді түсіріп болғаннан кейін шағын видео жасап, Іnstagram парақшасында бөлісті және «Журналдың мұқабасында осындай нағыз кейіпкерлер тұруына қалай қарайсыздар?» деп жазды.
Бұл сөздер әр қазақстандықтың көңіліне қуаныш ұялатты. Оқырмандар оның видеосымен бөлісіп, пікір жазып, лүпіл басып, ақыры демеушілердің, дәлірек айтқанда құрылыс компаниясының, полиграфия және елордалық әкімдіктің назарын аударды. Олар фотографтың ойын жүзеге асыруға қол ұшын созып, фотокөрме ұйымдастырып берді.
«Фотосуреттен шынайы күлімсіреп тұрған дәрігерлерді көресіздер. Шын мәнінде әртүрлі эмоцияны көруге болады. Кей дәрігер «Күлімсіремей-ақ түсуге бола ма?» деп сұрады. Аға буын дәрігерлер фотоға байыпты, салмақты қалыпта түсіп үйреніп қалған. Олар жүрген сала маңызды және жауапкершілігі мол болғандықтан тәулік бойы еңбек етеді, сәйкесінше жиі күлімсіреуге уақыттары жа жоқ шығар. Мен бар күш-жігерімді салып, олардың жүзіндегі қуаныш лебі осындай қиын-қыстау кезеңде әр қазақстандықтың жүрегіне үміт отын сыйлайтындай етіп фотосуретке түсірдім», - дейді фотограф.


«Ризамыз» деп аталатын фотокөрмеде медицина қызметкерлерінің 101 фотосуреті қойылған. Фотограф идеясы қазақстандықтар тарапынан қолдау тапқаны үшін шығармашылық адамы ретінде қуанып қалған. Оның Instagram парақшасына жариялаған видеосына алғыс айту сипатындағы пікірлер көп жазылған.
«Фотосуреттер – біз сырт еткізіп түсіріп үлгерген өмірдің бір бөлшегі, бір сәті. Медицина қызметкерлерінің фотосуреттері – коронавирус індетін жеңеміз деген үміт», - дейді ол.
Дәрігерлер фотографқа еңбегін елеп-ескергені үшін ризашылықтарын білдірді.
«Бұрын бұл өте мәртебелі мамандық болған. Дәрігерлер қазіргі қоғамда да беделін жоғалтып алмағанын қалаймын. Балалар өскенде дәрігер болуды армандап, ересек буын бұл мамандыққа ерекше құрметпен қарағаны жақсы емес пе. Кейде оқырмандар «Дәрігер болу қандай керемет», «Дәрігерлер – бейбіт өмірдің батырлары» деген сияқты пікір жазады. Демек, менің мақсатым орындалып келеді», - дейді фотограф.
Ол бұл жетістігімен тоқтап қалғысы келмейтінін, осындай фотокөрмелер еліміздің басқа да өңірлерінде ұйымдастырылса жақсы болатынын айтты.
