Елордалық хоккей мектебі Қазақстанда үздік атанды
Елордалық №10 Мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің (№10 МБЖСМ) шәкірттері қорытынды кезеңде ешкімге есе жібермей, алтынға қол жеткізді. Өскемендік «Торпедо» күміс медальмен екінші орынға тұрақтады. Ал, «Барыс-2005» командасы шайбалы хоккейден ел чемпионатының қола жүлдесіне ие болды. Осы жеңістің арқасында №10 МБЖСМ еліміздегі үздік хоккей мектебі атанды.
Айта кетейік, 2018/2019 маусымда №10 МБЖСМ хоккейшілері 28 кездесу өткізді, оның ішінде бір рет қана жеңіліс тапқан. Команда 75 ұпай жинап, 188 шайбаны қарсыласының қақпасына дөп тигізген.
Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласының спортшылары да үздіктер қатарынан табылды. Шабуылшылар ішінде елордалық команда капитаны Темірлан Китаров көш бастады. Оның еншісінде гол+пас жүйесі бойынша 58 (25+33) ұпай. Ал, қорғаушылар арасында №10 МБЖСМ өкілі Дмитрий Бреус 49 (24+25) ұпаймен бірінші орын алды.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің хоккей мектебі 2014/2015 маусымда да үздік атанған болатын.