Елордалық Қазақ агротехникалық университетінде дәстүрлі «Алғашқы студенттік күз» байқауы басталды
АСТАНА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Алғашқы студенттік күз» дәстүрлі байқауы басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Университеттің Тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Александр Майердің айтуынша, «Алғашқы студенттік күз» байқауы 1997 жылдан бері дәстүрлі ұйымдастырылып келеді және ол университет табалдырығын алғаш аттаған студенттерге арналған бірінші іс-шара болып табылады.
«Оның басты мақсаты - 1 курс студенттерін бір-бірімен таныстыру, алғашқы күндерден оларды ұйымшылдыққа баулып, ұжымдастыру. Дәл осы байқауда талапты да талантты жастарды анықтап, бойдағы өнерлерін шыңдауға ынталандыру үшін бар мүмкіндіктерді жасайтын боламыз. Өйткені біздің университет оқу үрдісін ғана емес, сонымен қатар спорт, мәдениет, тәрбие сынды студенттік өмірдің барлық бағыттарын қамтиды», дейді ол.
Ереже бойынша байқауға қатысушы 8 факультет - музыкалық аспаптарда ойнау, мәнерлеп өлең оқу, жеке және жұп болып ән айтып, би билеу аталымдарында сынға түсетін болады. Сондай-ақ көрермендер мен қазылар алқасына таңғалдырарлық өнерлерін көрсетіп, бүгінгі өмірдің түйіткілдеріне қатысты өткір әрі әдемі қалжындарды ұсынуы тиіс. Әділқазылар алқасы сонымен қатар, концерттік бағдарламаның ұйымдастырылуы мен оның сапасын бағалайтын болады.
Үш күнге созылатын байқау гала-концертпен аяқталады. Жеңімпаз факультеттер ректорат және университет түлектері клубының атынан құнды сыйлықтармен марапатталады.