Елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІ сессиясында Ассамблея төрағасының 2010 жылғы орынбасарлары сайланды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Әмірхан Рақымжановтың төрағалығымен өткен қалалық Ассамблеяның кезекті ХІ сессиясына 114 мүшенің 105-і қатысты. Сессия жұмысына сондай-ақ қалалық құрылымдардың басшылары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері шақырылды.
Қатысушылардың бір ауыздан берген дауысымен Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының 2010 жылғы орынбасарлары болып, Игорь Берг («Видергебурт» немістер қоғамы) және Салман Героев («Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі) сайланды.
Естеріңізге сала кетейік, облыстар мен қалалық деңгейдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағалары сол аймақтың әкімдері болып табылады.
Сессия барысында сондай-ақ, бірқатар этномәдени бірлестіктер өкілдерінің белсенді жұмыстары атап өтіліп, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың атынан оларға алғыс хаттар табыс етілді. Олардың қатарында корей жексенбілік мектебінің директоры Жанна Югай, «Видергебурт» немістер қоғамы төрағасының орынбасары Софья Козорезова, «Лад» славян қозғалысының төрағасы Александр Зарипов, «Хуэйзу» дүңген қоғамдық бірлестігінің төрағасы Кәрім Дәуіров және «Дала өлкесі» казактар одағының төрағасы Николай Шепелюк бар.