Елордалық Кедендік бақылау департаментінің 5 қызметкері жемқорлық қылмысы бойынша жауапкершілікке тартылды
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - 2010 жылы Астана қаласында жемқорлық құқықбұзушылық бойынша кедендік бақылау қызметінің 5 лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Астана қаласы Кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
«Қоғамның дертіне айналған жемқорлықпен күресте Астана қаласы бойынша Кедендік бақылау департаменті елеулі істер атқарып келеді. Жұмыстың ашықтығын білдіру, жемқорлыққа жол бермеу сынды бастауларды арқа тұтқан астаналық кеденшілер үнемі оңтайлы шаралар ұйымдастыруда. Ішкі қауіпсіздік бөлімімен жемқорлықпен күресте тұрақты түрде қызметкерлер арасында сауалнама, дәрістер өткізіліп тұрады. Ішкі қауіпсіздік бөлімінің қызметтік тергеу жүргізу нәтижесі бойынша департаменттің 32 өкілетті тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның 5-уі жемқорлық құқықбұзушылық бойынша»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Ағымдағы жылы Астана қаласы бойынша КБД-нің ІҚБ-мен төрт қылмыстық іс қозғалды, оның бірі Астана қаласы бойынша ҰҚКД-мен бірігіп қозғалып, сот үкімінің айыптауымен аяқталды. Екі іс департамент қызметкеріне, бір іс Астана қаласы бойынша КБД-нің бұрынғы қызметкеріне қатысты қозғалды.
Таратылған ақпарда мәлім етілгеніндей, «Нұр Отан» ХДП-ның Астана қалалық филиалымен бірлескен жұмыс барысында 2010 жылдың 12 айында 2 ашық есік күндері, 2 дөңгелек үстел отырысы, 4 кеден саясаты бойынша консультативті кеңес отырысы, 2 аймақтық кеден органдарының басшыларымен азаматтарды қабылдау күндері өткізілді.