Елордалық құқық қорғаушылар жарылғыш зат қойылғандығы туралы жалған ақпарат берген азаматты құрықтады
Астана қалалық ІІД тіл саясаты және ақпарат бөлімінің таратқан ақпаратына қарағанда, наурыздың 31-і күні кешкі сағат 20:00-де 102 шұғыл телефонына, «Каспий» спорт кешенінің 2-ші қабатына жарылғыш зат қойылғандығы жайында белгісіз азамат хабарлаған. Жедел тексеру амалдары барысында ғимараттан ешқандай жарылғыш зат табылмай, ақпараттың жалған екендігі анықталған. Астана қалалық ІІД Экстремизммен күрес басқармасы қызметкерлерінің жедел іздестіру іс-шаралары барысында Б. есімді азамат ұсталып, ол жалған ақпарат таратқандығын мойнына алған. Тергеу амалдары барысында телефон лаңкесінің бұған дейін де жалған ақпарат бергендігі анықталып отыр.
«Қазіргі уақытта азамат Б.-ға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 242 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде. Сонымен қатар оның психикалық ауруға шалдыққаны анықталып отыр», делінген баспасөз хабарламасында.